Ержеттім… Бойжеттім…

«ОН ҮШТЕ ОТАУ ИЕСІ» 7

«ПАПИЛЛОМА» ДЕГЕН НЕ ПӘЛЕ?

Күзден бастап жасөспірім қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе егу қолға алынды. Телеарналардан ерікті екпеге үндейтін жарнама роликтері де күн сайын беріліп жүр. Вакцина науқаны басталған бойда редакция телефонына тыным болмады. Хабарласқан қыздардың көбі: «Папиллома вирусы деген қандай вирус? Екпені жасатқанымыз дұрыс па? Зиян емес пе?» – дейді.

Павлодар облысының Майқайың ауылында 12 жасар екі қыз екпеден кейін ауруханаға түсті. Үш күн бойы ес-түссіз жатып, төртінші күні ғана тілге келді. Бұл жағдайдан кейін вакцина салдырамын дегендердің біразы абдырап қалды. Майқайың ауылындағы оқыс оқиғадан кейін екпе жүргізу Қазақстан бойынша тоқтатылды. Мұндай бұйрыққа еліміздің бас санитар дәрігері қол қойды. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Данияр Меңілбековтің айтуынша, вакцина егу уақытша тоқтатылған. Зерттеу нәтижелерінің қорытындысы жақсы болып шықса, егу науқаны қайта жалғасатын көрінеді. Айта кететін бір жайт, папиллома вирусына қарсы екпе – жатыр мойыны обырының алдын алады. Жатыр мойыны обыры қазіргі таңда жиі көрініп жүрген қатерлі ісік ауруларының бірі. Қазақстанда 10500 әйел осы дертке шалдығыпты. Бұл дерттің әзірге емі жоқ. Сондықтан жатыр обырының алдын алу мақсатында 9 бен 12 жас аралығындағы қыздарға ерікті түрде вакцина егу көзделген. Редакциямызға хабарласқан ата-аналар да болды. Көпшілігінің «папиллома деген не пәле?» деген дүдәмал. Біз ата-аналар мен оқушылардың пікірлерін ескеріп, осы мәселе төңірегінде акушер-гинеколог Ұзақбаева Уасила Жаңабайқызымен сөйлесіп, маманның пікіріне құлақ түрген едік. Бұл вакцина жайлы маман былай дейді:

Папиллома вирусына қарсы екпе жатыр мойыны обырының алдын алу үшін жүргізіледі және жатыр обырының пайда болуын төмендетуге мүмкіндік береді. Папиллома вирусын жұқтырудың жоғарғы шегі көбіне 16-20 жас аралығында. Вакцинаны жасөспірім қыздарға қолданудың өзіндік себебі бар. Егер екпе алғашқы жыныстық қатынасқа дейін жасалса, қатерлі ісікті болдырмауға кепілдік береді. Ал жыныстық қатынастан кейін салынса, тиімділігі алғашқыдай болмауы мүмкін. Сондықтан жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне байланысты екпе егу 11-12 жастағы қыздардан басталып отыр. Қазіргі таңда қатерлі ісік аурулары жасарып кетті. Бұрындары ол 40-50 жастағы әйелдерде кездессе, қазір 22-25 жастағы қыз-келіншектерде де байқалып жүр.

Жатыр обыры қайдан пайда болады? Алдымен осыған тоқталайық… Жатыр мойыны қатерлі ісігі асқынып кеткенше сезілмейді. Мұны дәрігерлер ғана колпоскопияның көмегімен анықтай аламыз. Егер сүт безі қатерлі ісігі болса, қыз-келіншектер омыраудағы түйін немесе өзге де ауырсынулар арқылы алғашқы кезде-ақ байқар еді. Ал жатыр обырының белгілері асқынған уақытта ғана көрінеді. Бұндай кезде дәрігерге қаралғанымен, өте кеш. Сондықтан кез келген әйел алты ай сайын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаса да, гинеколог дәрігерге қаралып тұруы тиіс. Мектеп жасындағы қыз балалардың да гинекологқа көрініп тұрғаны дұрыс.

Жатыр мойыны ісігі көпшілік ойлағандай ұрпақтан ұрпаққа берілмейді. Аурудың туындауына адам папилломасы вирусы (АПВ) себепші болады. Бірақ әйелдердің 2%-ы ғана жатыр мойыны обырының дамуына папиллома вирусы себепші болатынынан хабардар екен. Бұл вирус жыныстық қатынас арқылы жұғады. АПВ-ның 100-ге тарта түрі анықталған, соның 30-ы жыныс мүшелерін зақымдайды.

Адамдағы папиллома вирусы жыныстық қатынас кезінде тері үйкелгенде жұғады. Жатыр мойыны ісігі мына жағдайларда пайда болуы мүмкін:

Қыз бала он алты жасқа дейін ерте жыныстық өмір бастаса (бұл жаста жатыр мойны эпителийі жұқа және тез жарақаттанғыш болады, жатыр мойнында жара пайда болып, ал бұл онкологиялық үрдістің туындауына алып келуі мүмкін);

он алты жасқа дейінгі уақытта бала көтеру мен туу да эпителийдің жарақаттануына әкеліп соғады;

жыныстық жол арқылы берілетін қабыну аурулары (адам ағзасының қарсы тұру қабілетін әлсіретіп, вирустардың өміршеңдігіне ықпал етеді);

бала туу, түсік және түсіктен кейін жатырды тазартқанда, жатыр мойны зақымдалуы мүмкін;

эрозия, полип және жатыр мойнының басқа да аурулары асқынса;

темекі тарту және гормоналды контрацептивтерді бес жылдан астам уақыт бойы пайдалану.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда АПВ-ны емдейтін тиімді құралдар жоқтың қасы. Емдеу жұмыстары көп жағдайда АПВ тудырған қауіпті емес ісіктер мен обыр алды ауруларын емдеп жазуға бағытталған.

Жатыр мойыны қатерлі ісігін тудыратын вирус көп бұтақты ағаш тәрізді, оның жүзге тарта түрі бар. Соның ішінде аталған ісіктің төрт түрі, яғни 16, 18, 31, 45-ші түрлері қатерлі ісікті тудырады. Папиллома вирусына қарсы вакцина вирустың осы түрлеріне арналған. Яғни, вакцина сол нақты вирусқа қарсы бағытталатын болғандықтан, ағзаның иммундық жүйесіне ешқандай әсерін тигізбейді.

Папиллома вирусының алдын алатын иммунологиялық егілу біздің елімізде ерікті түрде жүргізіледі. Екпені жасату не жасатпау қыздардың өз еркінде. Маман ретінде айтарым, вакцинаның оңтайлы уақыты – бірінші жыныстық қатынасқа дейінгі кезең. Бірінші жыныстық қатынасқа дейін вакцина жасатса, нәтижелі болмақ.

P.S. Акушер-гинеколог Уасила Жаңабайқызы айтқандай, екпе ектіру әркімнің өз еркінде. Екпе елімізде тегін жүргізілуі тиіс. Папиллома вирусына қарсы вакцина жүргізуді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған екен. Бұл вакцина Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде қолданылған.

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде бүгінгі күні жатыр мойыны обырымен 9965 әйел есепте тұр. Жыл сайын бұл дертпен 1500 әйел ауырады және 650-ге жуық әйел жатыр мойыны обырынан көз жұматын көрінеді. Әйелдердің онкологиялық ауруларының ішінде өлім-жітім жағынан жатыр мойнының обыры екінші орында.

Қарлыға ИБРАГИМОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз